«Қазақ тарихы» жұрналы

Республикалық ғылыми-әдістемелік «Қазақ тарихы» жұрналы – қазақ халқының төл тарихына арналған ғылыми-әдістемелік жұрнал. Ол 1993 жылғы шілдеден «Қазақстан мектебі» жұрналына қосымша ретінде шыға бастады. Алғашқы санынан бастап қазақтың арғы-бергі тарихын, оның атауын, шығу тегін, жазу-сызу пайда болған уақытына қатысты мәліметтерді жүйелі жариялап келеді. Жұрналда қазақ тайпалары, қазақ-жоңғар шайқастары, Шыңғыс хан қағанатының қыр-сыры, отаршылдыққа қарсы күрес кезеңдері мен көріністері, жетекшілері жөнінде тың мағлұматтар шығып тұрады. Ұлтымыздың Кеңес империясы тұсындағы саяси өмір тынысы, экономикасы, мәдениеті, қазақ халқының тәуелсіздігі, саяси-экономикалық жаңаша бітім-пішіні көрсетіліп, кезеңдік өзгерістер, қоғамдық даму заңдылықтары сөз етіледі. «Ата қазақтың арғы тарихынан», «Тарихи тұлғалар», «Тарихқа жаңаша көзқарас» ,т.б. төл тарихтың сан саласын қамтитын айдарлары бар.

Жалпы жұрнал екі үлкен бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Ғылыми зерттеулер мен деректемелер». Бұл бөлімде қазақ тарихының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы сөз болады. Ал екінші «Оқыту. Әдістеме. Тәжірибе» бөлімінде орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қазақ тарихын оқыту тұжырымдамалары, әдіс-тәсілі, оқулықтары талқыланады. Сонымен қатар құқықтану, дінтану негіздері, дүние жүзі тарихын оқытудың әдіс-тәсілдері баяндалып, ұстаздарға әдістемелік кеңестер беріледі.

Жұрнал 2003 жылы дербес басылымға айналды. Құрылтайшысы – «Қазақ тарихы» ЖШС. Бас редакторы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ы.Алтынсарин, Б.Момышұлы, С.Нұрмағанбетов медалдарының иегері, жазушы, аудармашы Әбділдабек САЛЫҚБАЙ.

Жұрналдың шығу жиілігі – жылына 8 рет. Келешекте ай сайын шығару мәселесі қарастырылуда. Тек жазылу арқылы таратылады. Жазылмағандар редакциядан сатып ала алады.

Жұрналға «Қазпошта» АҚ, «Евразия пресс» ЖШС, «Эврика пресс» ЖШС, «Бектұрғанов ЖК» мекемелері мен олардың филиалдары арқылы жазылуға болады.

Таралымы – 2000-нан 3000 дана аралығы.

Орташа оқырман аудиториясы (кітапхана рейтингін қосқанда) – 13000-15 000.

Жазылу индексі – 75748. Кез келген пошта бөлімшелерінен 6, 9, 12 айға жазылуға болады. Әр айдың 10-на дейін жазылса, келесі айдан бастап ала алады.

Комментарии закрыты.