«Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл» жұрналы

Қазақ тілі мен әдебиетіне арналған ғылыми-әдістемелік дербес басылым ретінде 2009 жылғы қаңтардан шыға бастады. Құрылтайшысы – «Қазақ тарихы» ЖШС. Басылым алғашқы санынан бастап «Қазақтың көрнекті тілші ғалымдары», «Қазақтың көрнекті әдебиетшілері», «Мемлекеттік тілдің мәртебесі», «Сөз өнері: серті мен дерті», «Тіл білімі», «Аударма кілтипандары», «Тәрбие. Тәлім. Өнеге», т.б. айдарлар ашып, қазақ тілі мен әдебиетінің көкейтесті мәселелерін көтеріп келеді. Бұларда еліміздің А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Б.Момышұлы, Қ.Мұхамедханов тектес біртуар тұлғаларының ерен еңбектері жөнінде тың мағлұматтар шығады. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы тіл жанашырларының пікірлері жарияланып келеді.

Ал «Оқыту.Әдістеме.Тәжірибе» деген ең көлемді екінші бөлімде Қазақстанның орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті, өзін-өзі тану, бастауыштағы қазақ тілі, ана тілі пәндерін оқытудың қыр-сыры, әдіс-тәсілі, оқулықтары, ҰБТ тестерінің жай-күйі талқыланады. Осы бөлімде «Қазақ тілі – орыс сыныптарында», «Білім негізі – бастауышта», «Танысыңыз: озат ұстаз, озық тәжірибе», «Назар аударыңыз: жаңа технология», т.б. өзекті мәселелерге арналған сан қилы айдарлар бар.

Жұрналдың бас редакторы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ы.Алтынсарин, Б.Момышұлы, С.Нұрмағанбетов медалдарының иегері, жазушы, аудармашы Әбділдабек САЛЫҚБАЙ.

Жұрналдың шығу жиілігі – жылына 10 рет. Тек жазылу арқылы таратылады. Жазылмағандар редакциядан сатып ала алады.

 

Жұрналға «Қазпошта» АҚ, «Евразия пресс» ЖШС, «Эврика пресс» ЖШС, «Бектұрғанов ЖК» мекемелері мен олардың филиалдары арқылы жазылуға болады.

Таралымы – Бір нөмірдікі 1500-2000 дана. Жылдық таралымы – 15000-20000.

Орташа оқырман аудиториясы (кітапхана рейтингімен қосқанда) – 12000-13000.

Жазылу индексі – 74139. Кез келген пошта бөлімшелерінен жазылуға болады.

Комментарии закрыты.